• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Парламент 29 Мамыр, 2018

Сенат комитетінде «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заң жобасы қаралды

299 рет
көрсетілді

Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заң жобасы қаралды.

Заң жобасы Қауіпсіздік Кеңесінің құқықтық мәртебесін, құзыретін және қызметін ұйымдастыруды айқындайды.

Құжатта Қауіпсіздік Кеңесінің ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, конституциялық құрылысты, мемлекеттік тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты және халықаралық аренада Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті құратын және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізуді үйлестіретін конституциялық орган болып табылатыны көзделеді.

Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын Қазақстан Республикасы Президентінің Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасымен келісе отырып қалыптастыруы ұсынылады.

Қауіпсіздік Кеңесінің негізгі міндеттері елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жоспарлау, қарау және олардың іске асырылуын бағалау болып табылады.

Заң жобасымен Қауіпсіздік Кеңесінің мынадай функцияларын айқындау ұсынылады:  

1) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың елдің ұлттық қауіпсіздігі мен халықаралық ұстанымдарын, мемлекеттің қорғаныс қабілетін, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы іс-шараларды іске асыру жөніндегі қызметін үйлестіру;

2) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерін іске асыру мақсатында құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру;

3) ел дамуының аса маңызды бағыттары бойынша мемлекеттің стратегиялық құжаттарының орындалу жай-күйін мониторингілеу және бағалау;

4) мемлекеттік бағдарламаларды, заң жобаларын, маңызды сыртқы саяси және мемлекеттік мәні бар өзге де бастамаларды, сондай-ақ елдегі жағдайдың дамуын, әлемдік және өңірлік үрдістерді кешенді талдау және бағалау, ұлттық қауіпсіздіктің ішкі және сыртқы қатерлерін болжау, олардың алдын алу және оларды бейтараптандыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу және шараларды айқындау;

5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұлттық қауіпсіздікті, қорғаныс қабілетін, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы қызметінің нәтижелері мен негізгі бағыттары туралы жыл сайынғы баяндамасын тыңдау;

6) елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын тыңдау;

7) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздікті, қорғаныс қабілетін және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы заңдарының орындалуын, оның ішінде осы мақсаттарға жұмсалатын қаражаттың тиімді пайдаланылуын бақылауды ұйымдастыру;

8) орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың бірінші басшы лауазымдарына тағайындауға ұсынылатын кандидатураларды талқылау;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функциялар.

Заң жобасымен Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының және оның мүшелерінің өкілеттіктері белгіленеді, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппаратының қызметін ұйымдастыру регламенттеледі.

Комитет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралды.

Заң жобасымен еліміздің Бюджет кодексіне, «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» және «Құқықтық актілер туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылды.

Атап айтқанда, Бюджет кодексіне Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына стратегиялық жоспарлар әзірлеу туралы талап қойылмайтыны туралы толықтыру енгізу көзделіп отыр.

«Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» заңға түзетулер «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заң жобасының ережелерімен сәйкестендіруге бағытталған.

Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.